Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Сыртқы істер министрлігі: Қазақстан аумағында Ресей сотының шешімі жүрмейді

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ғимараты.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ғимараты.

Украина жөніндегі материалына байланысты Қазақстанның Arbat.media басылымын Ресейдің Владимир қаласындағы Ленин аудандық соты шақырғанына Қазақстан сыртқы істер министрлігі реакция білдірді. Бұл жөнінде басылымның өзі хабарлады.

Arbat.media басылымының жазуынша, Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Ресей соты Ресей федерациясының азаматтық-процестік заңнамасының талабы бойынша шақырып отыр" деп біледі.

"Олардың қандай да бір жаңалықтар ресурсын Ресей аумағында бұғаттау жөніндегі шешімі Ресейдің ішкі заңына негізделеді. Ол шешімнің Қазақстан аумағында күші жоқ" дейді сыртқы істер министрлігі.

Министрлік Қазақстан мен Ресей арасында "өз аумағындағы БАҚ-тың іс-әрекетіне сырттан араласуға мүмкіндік беруді қарастыратын келісім жасалмаған" және Arbat.media басылымы "Қазақстан заңын бұзған жоқ" деп жауап берген.

31 қаңтарда Arbat.media порталы Украина туралы материалға байланысты редакция поштасына Ресейдің Владимир қаласының Ленин аудандық сотына шақыру түскенін хабарлаған. Талап арыз беруші Ресейдің 19-әскери прокуратурасы мен 56680 әскери бөлімі деп көрсеткен. Сот 17 ақпанға белгіленген.

Азаттық тілшісіне берген комментарийінде басылымның бас редакторы Сырым Итқұлов редакция Ресей сотының кеңсесіне хабарласып, сотты онлайн форматта өткізуді сұрағанын айтты. Алайда Ресей соты процесс онлайн болмайтынын, тікелей өзі келіп қатысуы қажет екенін міндеттеген. Итқұлов сотқа бармайтынын мәлімдеді.

Аrbat.media хабарына қарағанда, әңгіме "Ресей басқыншылары Харьков облысында жеңіліске ұшырады, бірақ оны мойындағысы келмейді" деген мақала туралы.

Басылым бұл мақалада қыркүйек айында Харьков түбінен шегінген Ресей әскері туралы Ресей мен Украина БАҚ-тарының реакциясы сөз болды деп есептейді.

Украина тақыбырында жазған Қазақстан баспасөзін Ресей соты алғаш шақырып отыр. Бұған дейін Роскомнадзор Қазақстанның бірнеше басылымына Украина туралы материалын алып тастау жөнінде ескерту берген.

Arbat.media порталын Ресей соты шақырғаннан кейін сөз еркіндігін қорғаушы "Әділ сөз" ұйымы Қазақстан үкіметіне ашық хат жазған.

Басқа да жаңалықтар

Түркі мемлекеттері бірігіп, CubeSat ғылыми спутнигін ұшырады

Түркі мемлекеттерінің ұйымына мүше елдер бірігіп, CubeSat ғылыми спутнигін ұшырады. Бұл жөнінде "Өзбекғарыш" агенттігі директорының орынбасары Мухиддин Ибрагимовке сүйенген Қазақстанның мемлекеттік "Қазақпарат" ақпарат агенттігі жазды.

"Қазіргі кезде біз қазақстандықтық әріптестерімізбен бірге CubeSat спутнигін құрастырып жатырмыз. Бұл Түркі мемлекеттері ұйымы аясында жүзеге асырылған жоба. Ұйымға мүше елдердің барлығы аппаратты жасап, ұшыруға қолдау көрсетіп жатыр. Өзбекстан да бұл процеске белсене қатысып жатыр. Бұл камерасы бар, зерттеуге арналған бірнеше құрылғысы бар ғылыми-техникалық спутник болмақ. Негізгі мақсат – спутник пен оның компоненттерін сынақтан өткізу" деді Мухиддин Ибрагимов.

Ол жобаның құны мен өзге де жайттарды айтпаған. Ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша, оны басынан бастап құрастыру қымбат әрі ұзақ, алайда көп жағдайда наноспутниктер "дайын бөлшектерден" құрастырылады. Әдетте олардың бағасы 100 мың доллардан аспайды.

Сәуір айында Өзбекстан Илон Масктің SpaceX компаниясымен бірге спутник ұшыру мәселесін қарастырып жатқаны хабарланған. Былтыр Ташкент ғарышты зерттеу мен пайдалануға бағытталған халықаралық келісімге қосылған. Үш жыл бұрын Қазақстан мен Өзбекстан ғарышты бейбіт мақсатта игеру саласында ынтымақтастық орнату туралы үкіметаралық келісімге қол қойған.

2009 жылы құрылған Түркі кеңесі 2021 жылы қараша айында Стамбұлда өткен түркі тілді мемлекеттерлің ынтымақтастық кеңесі саммитінде Түркі мемлекеттерінің ұйымы болып өзгерген. Оған Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан мүше. Венгрия, Түркіменстан, Солтүстік Кипр бақылаушы мәртебесіне ие. Ұйымның штаб пәтері Стамбұлда орналасқан.

Ресей 7 маусымға қараған түні Украинаға 215 дрон және ракетамен шабуылдады

Харьковта дрон шабуылынан кейін өртке оранған ғимарат. 7 маусым
Харьковта дрон шабуылынан кейін өртке оранған ғимарат. 7 маусым

Ресей 7 маусымға қараған түні Украинаға 215 дрон және ракетамен шабуылдады: 174-і атып түсірілген немесе өздігінен құлаған деп хабарлады Украина әскері.

Соққы сонымен бірге тоғыз "Искандер", "Хвасон", Х-59/69 ракетасымен де жасалған, алтауы атып түсірілген. Он орынға соққы тиген, нақты қандай нысандарға шабуыл жасалғаны айтылмайды. Өңірлерден келген ақпарат атып түсіру статистикасына сәйкес емес.

Харьковта дрон және ракета шабуылы және басқармалы бомбамен соққы нәтижесінде аты аталмаған зауыттан өрт шыққан. Өрт аумағы 10 мың шаршы метр екені айтылды. Үйінді астында адамдар қалуы мүмкін деп жазды Харьков облыстық әкімшілігінің жетекшісі Олег Синегубов. Оның сөзінше, кәсіпорындарға 40 дрон мен бір ракета түскен.

Қаладағы тоғыз қабатты үйлердің біріне дрон тиіп, үшінші қабаттан өрт шыққан. Үйінді астынан құтқарушылар әйел адамды тапқан. Үш адам қаза болған, 17 адам жарақаттанған.

Харьков мэрі Игорь Терехов 18 көп қабатты және 13 жеке үйдің бүлінгенін айтты. Херсонда екі адам қаза болған. Днепрде екі адам жараланған. Соққы Павлоградтағы кәсіпорынға да тиген. Никопольда тұрғын үй бүлінген.

Қырғызстанда Лениннің ескерткіші бұзылды

Оштағы Лениннің бұзылған ескерткіші. 7 маусым 2025 жыл.
Оштағы Лениннің бұзылған ескерткіші. 7 маусым 2025 жыл.

Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош қаласында 7 маусымда қала орталығындағы большевиктердің жетекшісі Владимир Лениннің ескерткіші бұзылды. Қала әкімшілігі ескерткіш бұзылғанын растады.

Оның қайда көшірілетіні әзірге белгісіз және оның орнына жаңа ескерткіш орнатыла ма, жоқ па, ол жағы да айтылмайды.

Жергілікті депутат Бекболот Арзыбаевтың сөзінше, ескерткішті бұзу мәселесі қалалық кеңес сессиясында қаралмаған және шешімді Оқ әкімдігі қабылдаған болуы мүмкін.

Ош қалалық және облыстық әкімдік алдындағы Ленин ескерткіші 1975 жылы орнатылған. Бұл совет мүсіншісі Николай Томскийдің туындысы.

Лениннің ескерткішін бұзу немесе сақтау төңірегіндегі дау СССР құлағаннан кейін қызу жүрді. Оштың кейбір тұрғындары ескерткіштің маңызы жоғалғандықтан оны сүруді, оның орнында Қырғызстан тәуелсіздігіне арналған басқа ескерткішті орнатуды ұсынған. Мұндай мәселе әсіресе, жазда - Қырғызстанда 31 тамызда елдің Тәуелсіздігі атап өтілген шақта қайта қозғалып жүр. Лениннің Бішкекте ескерткіші сақталған.

Пост-советтік мемлекеттерде большевиктік билік пен коммунистік идеологияның нышаны болып саналатын ескерткіштер мәселесі даулы тақырыптардың біріне айналған. Балтық жағалауы елдері мен Украина декоммунизация туралы түпкілікті шешім қабылдап, кейбір ескерткіштерді қиратса, Орталық Азия мемлекеттерінің билігі декоммунизацияны жүргізген жоқ. Аймақтағы ең ірі ел Қазақстанда большевиктердің ескерткіштері жергілікті биліктің шешімдерімен де, азаматтық белсенділердің бастамаларымен де біртіндеп жойылып жатыр; ескерткіштер әдетте қала шетіндегі саябақтарға апарылады.

WSJ: Ақ үй сенатты Ресейге қарсы санкция туралы заң жобасын жұмсартуға шақырды

АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі сенатор-республикашыл Линдси Грэмді Ресейге қарсы санкция туралы заң жобасын жұмсартуға мәжбүрлеуге тырысып жатыр. Бұл жөнінде америкалық Wall Street Journal басылымы жазды.

Басылым дереккөзінің айтуынша, кейінгі апталарда Ақ үй мен әкімшіліктің өзге де ресми тұлғалары Грэм кеңсесіне хабарласып, заң жобасын жұмсартуға шақырған.

Атап айтқанда, Трампқа санкцияға ілінетіндерді таңдауға мүмкіндік беретін түзету енгізу ұсынылып жатыр. Бұған қоса, Грэмге "міндетті" сөзін "мүмкін" сөзімен алмастыру да ұсынылған.

WSJ жазуынша, кез келген әкімшілік ірі заң жобаларын өзгертуге күш салады, олар көп жағдайда президентке шешім қабылдауда көбірек өкілет беретін тіркестерді енгізуге тырысады. Алайда басылым дереккөзінің сөзінше, ұсынылған өзгерістер заң жобасын "өлі құжатқа" айналдыруы мүмкін. Олардың сөзінше, Трамптың онсыз да өзінің қалауынша санкция енгізу мүмкіндігі бар.

Заң жобасы авторларының бірі, сенатор-демократ Ричард Блюменталь WSJ басылымына Ақ үймен жеке келіссөз өткізілгенін растады, бірақ оның жай-жапсарын айтпады.

82 сенатор қолдаған заң жобасы ресейлік шенеуніктер мен сектор өкілдеріне санкция енгізуді ұсынады. Ол сонымен бірге Ресей мұнайы мен газ, уранын сатып алатын елдерге 500 пайыздық баж салығын енгізуді ұсынады.

WSJ дерегінше, Трамп бұл заң жобасы оның АҚШ пен Ресей арасындағы қарым-қатынасты жақсарту талпынысына нұқсан келтіре ме деп қауіптенеді.

Астана мен Лондон әскери ынтымақтастықты 2026 жылға дейін ұзартты

Қазақстан мен Ұлыбританияның қорғаныс министрлік өкілдері әскери ынтымақтастықты жалғастыру туралы құжатқа қол қойып тұр. Лондон, 5-6 маусым 2025 жыл.
Қазақстан мен Ұлыбританияның қорғаныс министрлік өкілдері әскери ынтымақтастықты жалғастыру туралы құжатқа қол қойып тұр. Лондон, 5-6 маусым 2025 жыл.

Қазақстан және Ұлыбританияның қорғаныс министрліктері әскери ынтымақтастықты 2026 жылға дейін ұзарту туралы келісімге қол қойды. Бұл жөнінде Қазақстан қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Лондондағы кездесу барысында әскери салада екіжақты ынтымақтастықтың мәселелері мен өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттары талқыланған.

Өзге жайттармен қатар тараптар Ұлыбританияның жоғары әскери оқу орындарында қазақстандық әскери қызметкерлерді бітімгерлік, тілдік даярлау және оқытуға келіскен.

Бұрын осыған ұқсас құжат 2022-2023 жылдары қол қойылған. Биыл мамырда Қазақстан сыртқы істер министрлігі британдық әріптестерімен БҰҰ бітімгершілік миссиясына қатысу мәселесін талқылағанын мәлімдеген. Қазақстан әскері оған 2014 жылдан бері қатысып келеді.

2025 жылдың басында Қазақстан – Түркиямен әскери әрекеттестік жоспарына, 2024 жылы қыркүйекте Әзербайжанмен сондай құжатқа қол қойған.

Ресейдің Саратов облысында мұнай базасы өртенді. Белгородта теміржол бүлінді

Саратов облысындағы "Комбинат Кристалл" мұнай базасы өртенген сәт.
Саратов облысындағы "Комбинат Кристалл" мұнай базасы өртенген сәт.

Ресейдің Саратов облысы Энгельс қаласында мұнай өнімдерінің резервуары өртенді. SOTA жариялаған видеода "Комбинат Кристалл" мұнай базасы өртеніп жатқанын байқауға болады. "Комбинат Кристалл" орны "Энгельс-2" әскери аэродромын жанармаймен қамтамасыз етеді.

Саратов облысы губернаторы Роман Бусаргиннің айтуынша, зардап шеккендер жоқ. Шабуылдан көпқабатты үй де қирағаны айтылды.

Белгородта дрондар Октябрь аудандық сотының ғимаратын шабуылдаған. Шабуыл кезінде мұнда Белгород облысы губернаторы Вячеслав Гладков болған. Облыс басшысы зардап шекпеген.

Бұған қоса, Белгород облысында Прохоровка – Беленихино теміржолында тепловоз рельстен шығып кеткен. Бұл туралы Вячеслав Гладков хабарлады. Оның сөзінше, теміржолда жарылыс болған.

Тамбов облысындағы Мичуринск қаласына да дрондар шабуылдап, үш адам зардап шеккен. Бұл туралы облыс басшылығы айтты.

Мәскеу мэрі Сергей Собянин қалаға келе жатқан он дрон жойылды деп отыр.

Ресей қорғаныс министрлігі 6 маусымға қараған түні Брянск, Ростов, Саратов, Воронеж, Калуж, Курск, Орлов, Рязанск, Тульск, Белгород, Тамбов, Мәскеу облысында, аннексияланған Қырым түбегінде 174 дронды құлаттық дейді.

407 дрон, 44 ракета. Ресей Украина қалаларына шабуылдады

Ресейдің Киев қаласына жасаған шабуылы. 6 маусым 2025 жыл.
Ресейдің Киев қаласына жасаған шабуылы. 6 маусым 2025 жыл.

6 маусымға қараған түні Ресей Украинаға дрон-ракеталармен жаппай шабуылдады. Украина билігі "бұл - соғыс басталғалы жасалған ең ірі шабуылдардың бірі" дейді.

Украина әуе күштерінің айтуынша, Ресей Украинаның Киев, Чернигов, Волынск, Тернополь, Днепропетровск, Харьков, Львов, Хмельницк, Одесса, Николаев, Черкасск облыстарына шабуыл жасаған.

Украина әуе күштерінің спикері Юрий Игнаттың айтуынша, Реей 407 дрон мен 44 ракетамен шабуылдаған. Киев тарабы 30-дай ракетаны және 200-дей дронды атып түсіргенін айтады. Ресей ракеталарын Курск, Белгород және Воронеж облыстарынан жіберді дейді Украина тарабы.

Киев мэрі Виталий Кличко шабуылдан төрт адам қаза тапқанын, оның үшеуі құтқарушы екенін айтады. 20 адам жараланғаны да хабарланды. Шабуылға ұшыраған облыстарда үйлер, шаруашылық орындары бүлінген.

Ресеймен шекаралас Сумы облысында 5 маусым таңертеңнен бастап, 6 маусым таңға дейін 14 сағат бойы әуе дабылы қағылғаны хабарланды. Облыс басшылығы 44 елдімекенге 110 рет шабуыл жасалды дейді. Шекара маңындағы елдімекендерден 308 адам эвакуацияланғаны айтылды.

Ақпарат министрлігі журналист Самал Ибраеваға жасалған кибершабуылды сынады

Самал Ибраева.
Самал Ибраева.

Қазақстан мәдениет және ақпарат министрлігі Ulysmedia.kz порталының бас редакторы Самал Ибраеваға жасалған арандату әрекетін сынады.

Министрлік Ибраеваға жасалған шабуылды "киберқылмыс" деп атаған. Ведомство бірінші кезекте порнорафияны және интим қызметті тарататын сайттарды реттеп, өз өкілетіне кірсе бұғаттайтынын атап өткен.

Бұған дейін Самал Ибраева интим-қызмет жарнамалайтын сайттардың бірінде жалған парақша пайда болып, онда өзінің фотосы мен телефон нөмері жарияланғанын айтқан. Журналист желідегі парақшасында оқиғаға қатысты пікір білдіріп, бірнеше күннен бері таныстарына жағдайды түсіндірумен әуре болып жүргенін айтады. Ибраева мұны тапсырыспен жасалған әрекет деп санайды.

Журналист полицияға арыз жазғанын, органдар бес күннен кейін киберқылмыс, желідегі буллинг деп қылмыстық іс қозғауға келіскенін айтады. Ибраева Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан істі бақылауға алуын сұрайды.

Бұл – Самал Ибраеваға жасалған алғашқы кибершабуыл емес. 2023 жылы белгісіз біреулер Ulysmedia.kz сайтын бұзған. Сайтта журналистің және балаларының фотолары мен төлқұжаттары жарияланып кеткен еді.

Черногорияда прокурор Дина Смайылованы Қазақстанға экстрадициялауға қарсылық білдірген

Дина Смаилова (сол жақта) және оның адвокаты Далибор Томович (оң жақта). Подгорица, 5 маусым 2025 жыл.
Дина Смаилова (сол жақта) және оның адвокаты Далибор Томович (оң жақта). Подгорица, 5 маусым 2025 жыл.

Бүгін, 5 маусымда Подгорица (Черногория) қаласында “НеМолчи.kz" қорының жетекшісі Дина Смайылованы Қазақстанға экстрадициялауды сұрап отырған Қазақстан бас прокуратурасының сұрауы бойынша алғашқы сот тыңдауы өтті.

Қор жетекшісінің Азаттыққа айтуынша, Черногория прокуратурасы белсендіні Қазақстанға экстрадициялауға қарсылық білдірген. Адвокат Қазақстанда азаптау барын, қылмыстық істерде бұрмалаушылық болуы мүмкін екенін және жемқорлық деңгейі жоғары екенін алға тартқан. Енді судья істі екі апта қарап, шешім шығаруы керек.

Бұған қоса, Дина Смайылова шілдеде өзіне саяси босқын мәртебесін беру туралы шешім шығуы керектігін де айтты.

Қазақстан ішкі істер министрлігі 2023 жылдың соңында Дина Смайылованың үстінен алты қылмыстық іс қозғалғанын, олардың арасында "алаяқтық", "көрінеу жалған ақпарат тарату" мен "жеке өмірге қол сұқпау құқығын бұзу" баптары барын мәлімдеген. Оны елге экстрадициялауға да күш салған.

Ал белсенді өзіне қарсы істің саясиланғанын айтқан.

Дина Смаилова жетекшілік ететін "НеМолчи.kz" қоры тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдердің құқығын қорғайды.

"НеМолчи" жетекшісі неге босқын болғысы келеді? | Дина Смайыловамен сұхбат
please wait

No media source currently available

0:00 0:24:36 0:00


БҚО-да Украинадағы соғыста қаза болған ер адамды жерледі. ҰҚК туыстарын тергеуге шақырды

Қазақстанның батысындағы ауылдардың бірі. Көрнекі сурет.
Қазақстанның батысындағы ауылдардың бірі. Көрнекі сурет.

Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Дәрия ауылында Украинада Ресей жағында соғысып, қаза болған 33 жастағы Данияр Қылышевті жерледі. ҰҚК қылмыстық іс қозғады, туыстары тергеуге барып жүр деп жазды "Уральская неделя" басылымы.

Басылымның мәліметінше, Қылышев 22 наурызда қаза болған. Жерлеу рәсімі 2 сәуірде өткен.

Туыстарының сөзінше, 2014 жылы Ресейге жұмыс істеуге кеткен Данияр Қылышев сол жақта тұрақтап қалған. Отбасын құрған. Қазақстандағы туыстарына қаржылай көмектесіп тұрған.

2024 жылы көктемде Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырған. Туыстары бұған қарсы болып, тіпті әкесі ұлын айныту үшін Ресейге де барып келген. Бірақ Данияр Қылышев ниетінен қайтпаған. Туыстарының сөзінше, оны соғысқа баруға итермелеген жайт - ақша.

"Егер олай-пұлай болып кетсем де, ештеңе жоғалтпаймын" деді ол. "Не ақша табамын, баспана сатып аламын немесе..." деген. Оның сөзін туыстары келтіреді.

Басылымның жазуынша, жерлеу рәсімінен кейін ұлттық қауіпсіздік қызметі оның ата-анасын тергеуге шақырған. Іс әлі жабылмаған.

Қазақстан заңнамасы өз азаматтарына шетелде соғысқа қатысуға тыйым салады. Украинадағы соғысқа қатысқан қазақстандықтар туралы мәлімет жиі шығады. Бұған дейін украиналық “Хочу жить” ұйымы Украинадағы соғыста Ресей жағында соғысып жүрген 600-ден астам қазақстандықтың тізімін жариялаған. Кемі 78-і соғыста қаза болған.

2024 жылдың қарашасындағы дерекке сәйкес, Украинада соғыс басталғалы бері (2022 жылғы 24 ақпаннан бастап) Қазақстанда шетелдік қақтығыстарға қатысқан 46 қазақстандыққа қатысты қылмыстық іс қозғалған. Алайда олардың нақты қаншасы Украинадағы соғысқа қатысты екені көрсетілмеген.

Путин Трампқа Украинаның шабуылына "жауап беретінін айтқан"

Дональд Трамп
Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путинмен телефонмен сөйлесті. Әңгіме бір сағаттан астам уақытқа созылды және алдын ала хабарланбады.

"Украинаның ресейлік ұшақтарға жасаған шабуылын және екі жақтың [соғыстың] басқа да шабуылдарын талқыладық. Бұл жақсы әңгіме болды, бірақ бірден бейбітшілікке апаратын әңгіме емес. Президент Путин шабуылға жауап беру керек екенін айтты" деді Трамп Truth Social желісінде.

Трамптың сөзінше, ол Путинмен бірге Иранның ядролық бағдарламасын да талқылаған. Трамптың сөзінше, Иранда ядролық қару болмауы керек. Путин Иранмен келіссөзге қатысуды ұсынған. "Ол бәлкім, мәселені тез шешуге көмектесіп қалар" деді Трамп.

Трамппен сөйлеспес бұрын Путин үкімет отырысын өткізіп, Украина басшысы Владимир Зеленскиймен кездесуден бас тартатынын білдірген. Путиннің бұл мәлімдемесіне Трамп түсініктеме бермеді.

Әңгіме жөнінде пікір білдірген Путиннің көмекшісі Юрий Ушаковтың сөзінше, Ресей басшысы Трампқа Украина Мәскеумен келіссөзге кедергі келтірмек болғанын, бірақ олар "арандатуға берілмегенін" айтқан.

Вашингтонда қазір Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак бастаған украиналық делегация жүр. Ол Украинаға әскери көмекті арттыру және Ресейге қарсы санкцияны күшейту бойынша келіссөз жүргізіп жатыр.

Путин Зеленскиймен кездесуден бас тартты

Владимир Зеленский және Владимир Путин
Владимир Зеленский және Владимир Путин

Ресей президенті Владимир Путиннің Украина басшысы Владимир Зеленскиймен кездескісі келмейтіні белгілі болды. Путин Брянск және Курск облыстарындағы пойыз апатынан кейін Украина билігін бейбіт халыққа қасақана соққы жасады деп айыптады. Пойыз апаттарынан жеті адам қаза болған, 100-ден астам адам жарақаттанды.

"Брянск және Курск облыстарындағы темір жолдарды жару бұл террористік әрекет екені сөзсіз және осындай қылмыстарды жасау туралы шешім әрине, Украинада саяси деңгейде қабылданады" деді Путин сәрсенбі күні үкімет мүшелерінің отырысы кезінде.

Оның сөзінше, украин әскері "майданның барлық бөлігінде шегініп жатыр", ал Киев "террористік әрекеттерге көшкен".

"Осындай шақта олар атысты 30 немесе 60 күнге тоқтатқысы келеді, басшылармен кездесуді сұрайды, бірақ террор жасап жатқандармен не жөнінде сөйлесуге болады? Неліктен оларға үзіліс беру арқылы дем беруіміз керек?" деді ол.

Путин Украинаны келісуге ықылас танытпай отыр деп те айыптады. Ол Украина билігі өкілдерін "ешнәрсеге құзыреті ғана емес, қарапайым саяси мәдениеті де жоқ, келіссөз жүргізбек болғандарды қорлайтындар" деп сипаттады. Ол Зеленскийді "әбден шіріген жемқор режимнің басшысы" деп те атады.

Путиннің мәлімдемесі Зеленскийдің Стамбұлдағы келіссөзді жалғастырудан бас тартқан мәлімдемесінен кейін жарияланды. Зеленский Ресей жағы орындалмайтын талаптар қойғанын айтқан. Украина президентінің сөзінше, келіссөз жоғары деңгейде жалғасуы керек.

"Орыстарда таңдау бар: Стамбұл, Ватикан, Швейцария. Дүйсенбіден бастап кез келген күні кездесуді ұсынамыз" деді Украина президенті.

Сәрсенбі күні Путин келіссөзді жалғастырудан тіке бас тартқан жоқ. Ол соғысты реттеу мәселесін Қауіпсіздік кеңесінің алдағы отырысында талқылайтынын айтты.

Батыс Қазақстан облысында бес бала ыстан уланып қаза болды

Батыс Қазақстан облысының картасы.
Батыс Қазақстан облысының картасы.

Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Жымпиты ауылында 4 маусымда күндіз бір отбасының бес баласы қаза болды. Болжам бойынша, олар ыстан уланып мерт болған болуы мүмкін деп жазды “Мой город” сайты.

“Балалардың барлығы жедел көмек көлігімен аудандық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер барынша күш салды, бірақ оларды құтқару мүмкін болмады” деді БҚО денсаулық сақтау басқармасы.

Сырым ауданы әкімдігінің хабарлауынша, Жымпиты ауылында жеке үйдің жанып жатқаны жөнінде хабар шамамен сағат 15:00-де түскен. Құтқарушылар оқиға орнына хабарлама түскеннен кейін бес минутта жеткен. Үйде 30 шаршы метр аумақта үйдің ішіндегі жеке заттар мен жиһаздар жанып жатқан. Ал балалар есінен танып қалған, ауруханада көз жұмған.

Ақпаратқа қарағанда, қаза болған балалардың ең үлкені – 6 жаста. Қалғаны 2020, 2021, 2023 және 2024 жылы туған.

Отбасы жалға алынған үйде тұрған. Өрт кезінде ата-анасы жұмыста болған деп айтылады.

Қазақстанда өрттен қаза болған балалар жайлы ақпарат жиі шығады. Биыл қаңтарда Қарағандыда өрт орнынан екі баланың денесі табылған. Былтыр күзде Астанадағы жеке үйлердің бірінде өрт шығып, 13, 9, 3, 2 жастағы төрт бала көз жұмған. Оның алдында Қостанай облысы Жітіқара қаласында жеке үйде өрт болып, бес бала өлі табылған.

Қазақстанда Конституцияның 30 жылдығына орай рақымшылық жүргізіледі

Қазақстанда Конституцияның 30-жылдығына орай рақымшылық жүргізіледі. Тиісті заң жобасы сәрсенбі күні мәжіліс қарауына алынды деп жазды ресми БАҚ.

Ресми ақпарат бойынша, заң жобасы Конституцияның 30 жылдығына орай "қылмыстық саясатты гуманизациялау мақсатында" жүргізілмек.

Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның сөзінше, рақымшылық аясында 4,1 мың адам босатылады: 632-сі - қамау мекемелерінен, 3,5 мыңы пробациялық бақылаудан босатылмақ. Бұған қоса, түрмедегі 5,4 мың тұтқын, пробациялық бақылауда жүрген 5,5 адамның жазасы қысқартылмақ.

"Жалпы есептегенде жазаны қысқарту 11 мың адамға қатысты" деді депутат.

Жобаға сәйкес, "мемлекет пен азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін" қылмыс жасаған азаматтар босатылмақ. Арасында кәмелетке толмаған балалары бар әйелдер, аяғы ауыр әйелдер, соғыс ардагерлері және тағы басқа топ өкілдері бар.

Депутаттың сөзінше, рақымшылыққа 833 әйел ілінбек: 109-ы босатылады, 724-інің жазасы қысқартылады.

Дегенмен де жобаны сынап жатқандар да бар. Заң жобасын әзірлеуге қатысқан адвокат Данияр Қанафин жобаны “гуманистік акт” ретінде қарастыруға келмейтінін жазды.

Оның айтуынша, рақымшылыққа ілінбейтін құқық бұзушылықтардың өзі жоба мәтінінің үштен бірін құрайды және рақымшылыққа ілінетін азаматтар қатарын азайта түседі.

“Менің ойымша, рақымшылыққа мұндай көзқарас оның идеясына нұқсан келтіреді, заң шығару процесіне қатысушылардың күш-жігерін қоғам үшін елеусіз әрі декоративті нәтижеге дейін төмендетеді” деп жазды адвокат.

Қазақстанның тәуелсіз тарихында 9 рақымшылық болған. Соңғы рет ірі рақымшылық 2021 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жарияланып, шамамен 1 мың адам түрмелерден босатылған. 4 мың адам пробациялық бақылаудан босатылған. 2022 жылы қарашада Қаңтар оқиғасына қатысушыларға қатысты тағы бір шағын рақымшылық жүргізілді.

Құқық қорғаушы Алматыдағы кинотеатрлар Жыланбаев туралы деректі фильмді көрсетуден бас тартқанын айтты

Марат Жыланбаев
Марат Жыланбаев

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Алматыда кинотеатрлар Марат Жыланбаев туралы фильмді көрсетуден бас тартып отырғанын хабарлады. Оның сөзінше, ол бір айдан бері келіссөз жүргізіп келеді, әзірге нәтиже жоқ.

“Басында келіседі де бір күннен кейін хабарласып, басшылық “фильм тематикаға сәйкес емес” деп айтты дейді” деді Бақытжан Төреғожина Азаттыққа.

Оның сөзінше, мәселе жеке кинотеатрлар мен кинотеатрлар желісі жөнінде болып отыр, бірақ нақты аттарын айтпады.

Ол “қалай болғанда да фильмді көрсетуге тырысамыз, егер 15 маусымда болмаса, онда кейінірек” деді.

“Фильмді кез келген уақытта көруге болады. Оған ешқандай тыйым салынбаған. Біз тек оны үлкен экранда көрсеткіміз келген. Ал бұл енді алдын ала сақтанып жатқан адамдардың позициясы” деді құқық қорғаушы.

Алматыда Есентайдағы кинотеатрдың Мөлдір есімді әкімшісі Азаттыққа "фильмді өткізу туралы" ұсыныс түспегенін жеткізді. "Ал егерде ұсыныс түссе, қабылдайсыздар ма?" деген сұраққа бұған басшылық жауап береді деді. Қалған кинотеатрлар әзірге жауап берген жоқ.

Журналист Сәния Тойкеннің “Марафоншы” фильмі биыл қаңтарда Азаттықтың YouTube парақшасында жарық көрген. Фильм қазір түрмеде отырған оппозиция белсендісі Марат Жыланбаевтың спорт пен саясаттағы жолын баяндайды. Құқық қорғаушылар белсенді саяси себеппен қамауда отыр деп санайды. Ал ресми Астана елде саяси қудалау барын мойындамайды.

Фильмді YouTube желісінен көру үшін мына сілтемені басыңыз

"Марафоншы". Марат Жыланбаев туралы деректі фильм
please wait

No media source currently available

0:00 1:05:35 0:00

Тағы

XS
SM
MD
LG