Accessibility links

"Топ болып адам өлтіру көрініп тұрса да…" Шерзат Полат ісінің үкімі әділ болды ма?


Шерзат Полаттың қазасына айыпталғандардың бірі Абзал Щынасыл сотта тұр.
Шерзат Полаттың қазасына айыпталғандардың бірі Абзал Щынасыл сотта тұр.

5 маусымда Талдықорғанда 16 жастағы Шерзат Полаттың қазасына байланысты сот аяқталып, басты айыпталушы Абзал Шынасыл - 23 жылға, Равиль Сакиев 20 жылға түрме жазасына кесілді. Басқа айыпталушыларға 1,5 жылдан 15 жылға сотталды. Айыпталушылар апелляцияға шағым түсірмек. Дегенмен сот үкімі қос тарапты да, сарапшыларды да екіұдай күйде қалдырды.

"АМАЛ ЖОҚ, СОТ ШЕШІМІМЕН КЕЛІСЕМІЗ"

"Сот отырысы жабық деп жарияланады. Назарларыңызға рақмет" деген судья Ержан Жанұзақовтың сөзінен соң тар залдың іші шулап кетті. Сотталушылардың туыстары үкімге келіспеді. Сот залында масқара, ұят деп айғайлады. Айыпталушылар өздері отырған шағын кабинаның әйнегін шағуға шақ қалды. Арнайы жасақ залдан адамдарды тез шығарып, сотталушылардың әрекетін басуға тырысты.

Сотталғандардың жақындары сот сыртында да айғайға басып, "әділетсіз" үкім жайлы айтып жатты. Бірі есінен танып құлап, жедел жәрдем алып кетті. Сотталушылардың туыстары апелляция шағымын түсіретінін, "керек болса Жоғарғы сотқа дейін баратындарын" жеткізді. Айыпталушы тараптың өкілдері Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты жағдайды ушықтырды деп айыптай сөйледі.

Сот "Адам өлтіру", "Адам өлтіруге оқталу", "Бұзақылық" баптары бойынша айыпталған Абзал Шынасылды 23 жыл түрмеге кесті. "Адам өлтіруге оқталу" және "Бұзақылық" бабымен айыпталған Равиль Сакиев 20 жылға сотталды.

Азамат Тоқтаубаев – 15 жылға, Нұрқияс Ілиясов – 9 жылға, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Дидар Қалиахмет, Нұрбол Тоқтаубаев 7 жылға түрмеге кесілді. Бұларға "Бұзақылық" бабымен айып тағылған. Кәмелетке толмаған Д. Ысқақ "қылмысты хабарламады" деп бір жарым жылға сотталды.

Судья Ержан Жанұзақов үкім оқып тұр. Талдықорған, 5 маусым 2025 жыл.
Судья Ержан Жанұзақов үкім оқып тұр. Талдықорған, 5 маусым 2025 жыл.

Ал марқұм Шерзат Полаттың әпкесі Перизат Полат айыпталушылардың көбіне "Бұзақылық" емес "Топ болып адам өлтіру" бабымен іс қозғалуы тиіс еді дейді.

"Сот шешіммен, амал жоқ, келісеміз. Бұл - бірінші болған адвокаттардың "еңбегі". Солардың обалынан кеткен дүние. Бұлар "Бұзақылық" емес, "Кісі өлтіру" бабымен кетуі керек еді. Бірақ қазір осы соңғы процестерде қорғаушыларымыздың еңбегінің арқасында [іс] осындай дәрежеге жеткеніне шүкіршілік етеміз" деді ол соттан соң.

Сәуір айынан бері халықтың назарына сот осылай аяқталды. Бірақ үкім күшіне енген жоқ, тараптардың апелляция шағымын түсіруге мүмкіндігі бар. Бұған қоса, сот куәгерлер Эльмира Нұрбекова, Дана Жақсыкелді, Арлан Қазакенов, Юлдаш Рузбакиевтың әрекеттерін тексеріп, оларға құқықтық баға беру жөнінде де жеке қаулы шығарды. Бұл төрт куәгер Шерзат Полат қаза тапқан жерде болған.

"23 ЖЫЛ АЗ МЕРЗІМ ЕМЕС, БІРАҚ…"

Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот үкімі қоғамда екіұдай пікір қалдырды. Үкім объективті болды дегендер де, іс дұрыс сараланбады дегендер де бар. Істі басынан аяқ бақылағанын адвокат Ғалым Нұрпейісовтің сөзінше, сотқа дейінгі тергеп-тексеру дұрыс жүрген жоқ және Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың өлімі мен Қаржаубай Нұрымовтың үйінің өртенуі прокуратура назарынан тыс қалған.

- Істі саралап, санатқа бөлу дұрыс жүрмеді. Бұл жерде "топ болып қасақана адам өлтіру" көзге анық көрініп тұраса да, бұл айыпты бір-екеуіне беріп, қалғанын "Бұзақылық" бабымен соттай салды. Сот ашық болса да судьяның өзі сот барысы мен ол туралы пікірлерді бақылап "сотқа қысым жасалып жатыр" деумен болды. Прокурор сотқа дейінгі тергеп-тексеруде жәбірленушілерге жасалған ашық психологиялық қысымды ескермеді. Үйдің өртелуі, Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың өлімі (бұл оқиғалар жайлы төменде толығырақ жаздық – Ред.) соған мысал. Бұл жерде тұрғындарды қорқытуда терроризм элементтері бар деп айта аламын. Ал сот шығарған үкім мерзімі прокурор сұраған мерзіммен бірдей. Бұл прокуратура мен соттың бір жүйе екенін, прокуратура іске қандай айыппен кірсе, сот соны мақұлдайтынын көрсетті, - деді Ғалым Нұрпейісов.

Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов сотта сұрақтарға жауап беріп тұр. Талдықорған, 18 сәуір 2025 жыл.
Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов сотта сұрақтарға жауап беріп тұр. Талдықорған, 18 сәуір 2025 жыл.

Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов істі сотқа дейінгі тергеп-тексеруде жіберілген олқылықтар бар деп санайды.

- Менің ойымша, 23 жыл аз мерзім емес, бұл тұрғыдан сот үкімі объективті десек те болады. Бірақ іс жүзінде сот прокуратура не сұраса соны берді. Прокуратура, полиция мен сот бір-бірінен бөлек жұмыс істеуі тиіс еді. Прокуратура істің мән-жайын анық көруге мүмкіндік беретін басты дәлел-видеоның жоғалғанын айтты. "Хуторлықтардың" бұл іске топ болып кірісті деген тұс тексерілген-тексерілмегені белгісіз болып қалды. Шерзаттың ағасының қазасы мен үйдің өртенуі де сол беті түсініксіз күйде қалды. Полициямен байланыс туралы айтылды, ол де тергелмеді. Сот үкімінде куәгер қыздар туралы нақты баяндама жоқ. Қылмыс шынымен дәлелденді деуге келмейді, - дейді Ағелеуов.

ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛҒАН?

Тергеу ақпаратына сай, 2024 жылғы 4 қазанда Қаржаубай Нұрымовтың отбасы жалға алып отырған Талғардағы дүкенге масаң күйде келген Дархан Әскентай мен жасөспірім Шерзат Полаттың арасында жанжал шыққан. Осыдан соң Шерзат Полат Әскентайды ұрып жібергеннен кейін ол достарын көмекке шақырып, аяғы жаппай төбелеске ұласқан.

Шерзат Полаттың өліміне қатысты алғашқы сот отырысы. Талдықорған, 10 сәуір 2025
Шерзат Полаттың өліміне қатысты алғашқы сот отырысы. Талдықорған, 10 сәуір 2025

Алыс-жұлыс кезінде 16 жастағы Шерзат Полатқа пышақ жұмсалып, ол құлап түскен. Жанжалға қатысушылар жерде жатқан жасөспірімді теуіп, басынан ұрған. Пышақтан өлімші болып жараланған жасөспірім қансырап, қаза болды. Талдықорғандағы сотта сөйлеген сот-медицина сараптамасының мамандары егер дер кезінде медициналық көмек көрсетілгенде, жасөспірімді ажалдан аман алып қалуға болар еді деген пікір білдірді.

ШЕРЗАТТЫҢ ҚАЗАСЫНАН КЕЙІН НЕ БОЛДЫ?

Шерзаттың қазасынан кейін марқұмның отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейткен. Оған дейін Шерзаттың туыстары әкімдік алдына жиналып, тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді талап еткен. Әлі күнге дейін орган тарабынан үйді кім өртегені айтылған жоқ.

Шерзат қаза тапқан оқиға кезінде оның қасында болған, пышақтан жарақат алған немере ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев былтыр қараша айында Полаттың отбасы тұратын Азат ауылының сырт жағында өлі табылды. Полиция "ол өзіне қол жұмсаған" деп хабарлады.

Шерзат Полат.
Шерзат Полат.

Талғардағы бұл қылмыстық оқиға өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Кейін жергілікті бірнеше шенеунік қызметінен босатылды. Алматы облысы прокурорының орынбасары Саян Бақыров пен Талғар ауданының прокуроры Ескендір Бекманов "қадағалау жұмысындағы елеулі олқылықтары үшін" қызметтен алынды. Талғар қаласының әкімі Бақыт Күнішбеков пен оның орынбасары Сағындық Матан да "қызмет міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін" лауазымынан босатылды. Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев та қызметінен алынды.

Әлеуметтік желіде Шерзаттың өліміне "Талғардағы қылмысқа жүгенсіз кеткен "Хутор" бандасының қатысы бар" деген ақпарат тараған. Алайда полиция мұндай топ барын жоққа шығарған еді. Аудан тұрғыны Хасан Қасымбаев әлеуметтік желіде өзі жайлы тараған әлгі ақпаратты жоққа шығарып, жұрттан өзі туралы жалған хабар таратпауды сұрап мәлімдеме жасаған. Қарашада Қасымбаев 2021 жылы маусым айындағы оқиғаға байланысты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" және "Адам ұрлау" баптары бойынша күдікке ілініп, тергеу сотының шешімімен екі айға қамауға алынды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG