Стамбұл мэриясының ондаған шенеунігі "пара алған" және "бопса жасаған" деген күдікпен ұсталды

Билік тұтқындаған Стамбұл мэрі Экрем Имамоғлыны қолдау митингісіне жиналған жұрт. Түркия, 29 наурыз, 2025 жыл.

Стамбұлдың бас прокуратурасы қала мэриясының 47 қызметкерін қамауға алуға пәрмен берді. Олар "пара алған" және "бопса жасаған" деген күдікке ілінген.

Haberturk телеарнасының хабарлауынша, бұл шенеуніктер Стамбұл қаласының мэрі Экрем Имамоғлының үстінен қозғалған жемқорлық ісі аясында тұтқындалған.

Түрік арнасының мәліметінше, қазіргі уақытқа дейін 31 адам ұсталған. Олардың арасында Стамбұлдың Бешікташ және Бүйүкчекмедже деген екі ауданының әкімдері бар. Тергеу долбары бойынша, Бүйүкчекмедже мэрі Хасан Ақгүн мен оның қоластындағы шенеуніктер кәсіпкерлерді өздеріне виллалар мен пәтерлер "сыйлауға" я болмаса жергілікті баскетбол командасына "қайырымдылық жасауға" мәжбүрлеген.

Хабарларға сәйкес, бұл шенеуніктер талаптарын орындамаған кәсіпкерлерге құрылыс жүргізуге және нысандарды пайдалануға беруге рұқсат бермеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ердоғанның қарсыласы қамалды, халық толқыды. Түркияда не болып жатыр?

Стамбұл қаласының мэрі, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның басты саяси бәсекелесі Экрем Имамоғлы биыл наурыз айында қамауға алынған. Оны тергеу ісі аясында жүзден астам адам – саясаткерлер, журналистер мен кәсіпкерлер де ұсталған.

Прокуратура Стамбұл мэрі мен "тағы көптеген тұлғалар" кәсіпкерлерді ақша беруге мәжбүрлеп, заңсыз табыс тапқан және қылмыстық жолмен келген қаражатты заңдастырумен айналысқан деп мәлімдеп, Экрем Имамоғлыны "қылмыстық ұйымның басшысы" деп атаған.

Оппозициялық партиялар мен адам құқығын қорғайтын ұйымдар бұл істі сайлауда Ердоғанға қауіпті бәсекелес болатын тұлғаға қарсы бағытталған әрекет деп бағалады. Ал Имамоғлы өзіне тағылған айыптарды "ойдан шығарылған және жала" деп атады.

Бұған дейін Стамбұл университеті Экрем Имамоғлының дипломын әлдебір "айқын қателікке" байланысты жоятынын мәлімдеген. Бұл шешім күшінде қалатын болса, Имамоғлы Стамбұл мэрі сайлауына түсу құқығынан айырылады, өйткені мэр лауазымына кандидаттың жоғары білім алғаны туралы дипломы болуы шарт.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қымбатшылық елді саясиландырды". Түркиядағы наразылық Орталық Азия тумаларының көзімен