Ресей Украинаға тапсырған меморандумның егжей-тегжейін жариялады

Түркияға Украинамен келіссөз өткізуге барған Ресей делегациясы. Стамбұл, 2 маусым, 2025 жыл.

Ресейдің Украинамен қарулы қақтығысты реттеу жөніндегі меморандумы Киевке алдымен сайлау өткізіп, содан кейін бейбіт келісімшартқа қол қоюды ұсынады. ТАСС агенттігі меморандум мазмұнын жариялады.

Меморандумның үшінші бөлімінде Киев жасауға тиіс қадамдар мен олардың орындалу мерзімдері ретімен көрсетілген: сайлау өткізу, Украина аумағында билік органдарын қалыптастыру, тек содан кейін ғана келісімшартқа қол қою, т.б.

Мәскеу ұсынған құжатта Қырым, Донбасс және Ресей армиясы басып алған Украинаның өзге де өңірлері (мәтінде олар Новороссия, яғни "Жаңа Ресей" деп аталған) Ресей құрамында халықаралық деңгейде мойындалуы тиіс деп жазылған. Ресей атысты тоқтатқаннан кейін 30 күн ішінде Украина осы аталған аумақтардан әскерін әкетсін деген талап айтқан.

Меморандумда бейбіт келісімшарт мәтіні бойынша жұмыс басталғаннан кейін, мәйіт жинау үшін екі-үш күндік бітім жарияланады деп жазылған. Бұдан соң Ресей біржақты түрде Украина қарулы күштерінің қаза тапқан 6 мыңдай жауынгерін украин жағына тапсырады делінген.

Бұған қоса Ресей Украинаның әскери одақтар мен коалицияларға қосылуын қаламайтынын айтып, Киев мобилизацияны тоқтатып, демобилизацияны бастасын, "саяси тұтқындар" мен бейбіт тұрғындарға өзара рақымшылық жарияласын, сондай-ақ Украинаға шетелдік әскери көмек тоқтатылсын деген талабын жеткізген.

Украина Стамбұлдағы келіссөздер кезінде ресейлік делегацияға тапсырған меморандумында атысты халықаралық бақылаушылардың қадағалауымен 30 күнге толық тоқтатуды және "бәріне бәрін" принципі бойынша тұтқын алмасуды, территория жөніндегі даулы мәселелерді тек атыс толық тоқтатылғаннан кейін ғана талқылауды ұсынған.

Бұдан бөлек, Украина Ресейден басып алынған жерлерден әкетілген 500-ден астам баланы қайтаруды талап еткен. Олардың арасында Херсон облысынан Қырым аумағына әкетілген балалар да бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Reuters агенттігі Украина ұсынған бейбіт келісім жобасының егжей-тегжейін жазды

Украина президенті Владимир Зеленский Стамбұлдағы келіссөздер кезінде Ресей тарапы айтқан қаза тапқандардың мәйітін жинау үшін атысты екі-үш күнге уақытша тоқтату жайлы ұсынысын сынға алып, ресейлік делегация мүшелерін "ақымақтар" деп атады.

"Бітім – қаза тағы да болмас үшін қажет нәрсе", – деді Зеленский.

Оның сөзінше, "Владимир Мединскийдің бұл мәселеде деңгейі төмен, техникалық жағын түсінбейді, ал командирлер майдан даласында қаза тапқандарды онсыз да айырбастап алып жатыр".

Зеленский Мәскеу АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциялар енгізуін соза түсу үшін дипломатиялық әрекет жасағандай кейіп танытып отыр деп айтты.

Украина президенті Ресей ұсынған талаптарды "ультиматум" деп атады, бірақ құжатты әлі жеке оқып таныспағанын айтты.

Зеленский Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Ресей, АҚШ және Украина басшыларын қатыстырып кездесу өткізу идеясын қолдайтынын мәлімдеді.

"Бірақ мұндай кездесу атысты тоқтатады деп ойламаймын", – деді Зеленский.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Атыс тоқтамайды, бірақ тұтқын алмасу жалғаспақ. Стамбұлдағы келіссөзде не айтылды?