Ресейдің дрон шабуылынан Балаклеяда бір адам өліп, Чернигов пен Одессада бірнеше кісі жараланған

Ресейдің дрон шабуылынан бүлінген жерде жүрген құтқарушылар. Одесса, Украина, 3 маусым, 2025 жыл.

3 маусымға қараған түні Ресей әскері Украинаға дрон шабуылын жасады. Чернигов пен Одесса қалаларында тұрғын үйлер бүлініп, жараланғандар бар деп хабарлады жергілікті билік өкілдері. Ал Харковь облысындағы Балаклее қаласында бір адам қаза тапқан.

"Алдын ала мәліметтер бойынша, үш адам – бір әйел мен екі ер адам қатты жараланған. Олар қалалық емдеу мекемелеріне жеткізілді", – деді Чернигов облыстық әскери әкімшілігі басшысы Вячеслав Чаус.

Оның айтуынша, шабуыл салдарынан көпқабатты үйлер, мектептер, бірнеше дүкен, аялдамалар мен жекеменшік сектордағы үйлер бүлінген. Бұдан бөлек, бір өндірістік кәсіпорынға да дрон түскен.

"Оқиға болған жерде шабуыл зардаптарын жою жөніндегі штаб құрылып, барлық тиісті қызметтер жұмыс істеп жатыр", – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парағына.

Чернигов қаласы әскери әкімшілігінің басшысы Дмитрий Брижинскийдің мәліметінше, Ресейдің дрон шабуылынан екі әйел және екі ер адам зардап шеккен. Ер адамдардың жағдайы аса ауыр, қазіргі уақытта олар ауруханада ем қабылдап жатыр деді ол.

Брижинский Черниговте көпқабатты ғимарат, жекеменшік үйлер, оқу орны және өндірістік кәсіпорын бүлінгенін растады. Бұған қоса, жекеменшік бір үй толық жанып кеткен.

Украиналық басылымдар Одесса қаласына да дронмен шабуыл жасалғанын хабарлады. Одесса облыстық Төтенше жағдайлар қызметінің дерегінше, шабуылдардан төрт адам зардап шеккен. Бірнеше жерде өрт шығып, құтқарушылар оны сөндірген. Ең ірі өрт – азық-түлік сақталған қоймада болған. Жекеменшік секторда екі автокөлік жанып кеткен, гараждар мен тұрғын үйлер бүлінген.

"Тұрғын үйлер мен азаматтық инфрақұрылым нысандары бүлінді, автокөліктер өртенді. Қазіргі уақытта зардап шеккендер жайлы бұдан басқа ақпарат түскен жоқ", – деді Одесса қаласының мэрі Геннадий Труханов.

Ал Харковь облысындағы Балаклея қаласында ресейлік дрондар шабуылы салдарынан бір адам қаза тауып, тағы біреуі жараланған. Қала әкімшілігінің басшысы Виталий Карабановтың айтуынша, дрондар азаматтық кәсіпорын мен ашық жерге түскен. Қаза тапқан және жараланған адамдар – сол кәсіпорында жұмыс істеген.