Гарвард университеті Трамп әкімшілігін сотқа берді

АҚШ-тағы Гарвард университеті

Гарвард университеті АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігін федералды сотқа берді. Оқу орыны Ақ үйдің университетке талаптар қойып, оны орындамаған жағдайда Гарвардты федералды гранттар мен келісімшарттардан айырамын деген әрекеті заңсыз деп мәлімдеген.

Гарвард талап-арызында соттан Ақ үйдің университетті федералдық қаржыландыруды тоқтату туралы жарлығының күшіне енуіне жол бермеуді сұраған. Университет ол жарлықты "үкіметтің өкілет аясынан шығатын заңсыз шешім" деп атаған. Оқу орыны Трамп әкімшілігі АҚШ Конституциясының бірінші түзетуі мен федералдық заңдарды бұзады деп есептейді және мемлекеттік қаржыландырудан айыру медициналық зерттеулерге, жаңа дәрі-дәрмек жасауға кесірін тигізеді деп ескерткен.

Бір аптадан астам уақыт бұрын, Трамп әкімшілігі Гарвард университетін азаматтық құқықтар туралы заңдарды бұзды және антисемитизммен күресте жеткілікті шаралар қабылдамады деп кінәлап, мемлекеттен грант ретінде бөлінген 2,2 миллиард доллар қаржыны тоқтататынын мәлімдеген. Ақ үй университеттен кадр саясатын, студент қабылдау және басқару жүйесін түбегейлі реформалауды, сондай-ақ "позитивті дискриминациядан" бас тартуын талап етіп, осы талаптар орындалмайынша қаржы берілмейді деген.

Гарвард президенті Алан Гарбер биліктің талаптарын орындаудан бас тартты. Кейінгі күндері үкімет Гарвардты тағы 1 миллиард доллар қаржыдан және университетті федералдық салық төлеуден босатылған коммерциялық емес ұйым мәртебесінен айыруы мүмкін деген ақпараттар пайда болды.

"Үкімет антисемитизмге қатысты алаңдаушылық пен тоқтатылуы мүмкін медициналық, ғылыми және басқа да зерттеулер арасында қандай да бір қисынды байланыс барын көрсете алмады. Бұл зерттеулердің басты мақсаты – америкалықтардың өмірін құтқару, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Американың инновация саласындағы көшбасшылығын нығайту", – деген Гарвард сотқа берген талап-арызында.

Ақ үй бұған жауабында университет салық төлеушілердің ақшасын бюрократиялық аппаратқа шектен тыс жалақы төлеуге жұмсап отыр деп мәлімдеген. "Мемлекеттік қаржыландыру – бұл артықшылық. Университет ол артықшылыққа ие болуға қажет ең аз деген шарттарды да орындамады", – деді Ақ үйдің өкілі.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ білім министрлігі Гарвардқа бөлінген 2,2 млрд доллардың гранттарын тоқтатуды ұйғарды