АҚШ әкімшілігі Ресей Украинаның "Өрмек" операциясына әлі толық қарымта қайтарған жоқ деп есептейді. Ақ үйдегі дереккөздерге сүйенген Reuters агенттігі осылай деп жазды. Украинаның қауіпсіздік қызметі 1 маусымда іске асырған дрон шабуылының нәтижесінде Ресей аумағындағы бірнеше аэродромда тұрған бомбалаушы ұшақтар жойылған.
Вашингтондағылардың пікірінше, өткен аптада Ресейдің Украинаға қарсы жасаған шабуылдары әзірге толыққанды қарымта емес деп жазды агенттік. Ресей Украинаның дрон шабуылына сөзсіз қарымта қайтаратынын АҚШ президенті Дональд Трамп та Ресей президенті Владимир Путинмен телефонмен сөйлескен соң айтқан.
Қарымта шабуыл нақты қашан жасалатыны әлі белгісіз. Агенттік сөйлескен дереккөздердің бірі бұл "алдағы күндері" болуы мүмкін деп болжайды. Енді бір дереккөз (екеуі де аты-жөнін атамауды өтінген) қарымта соққы "Өрмек" операциясындағыдай болмауы да ықтимал. Украина іске асырған операция кезінде ондаған (20-дан 40-қа дейін) ресейлік әскери ұшаққа бомбасы бар дрон түскен. Бұл дрондар аэродром маңына барып тоқтаған жүк көліктеріне алдын ала жасырылған еді.
АҚШ әкімшілігі Ресейдің түрлі құралдарды араластыра пайдаланып, әуе шабуылын ұйымдастыруы мүмкін деп есептейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Reuters: Ресей "Өрмек" операциясы кезінде 20 ұшағынан айырылдыБатыстағы дипломатиялық ортадағы тағы бір дереккөз Ресей символдық мәні бар нысандарға, мысалы, Украинаның үкімет ғимараттарына шабуыл жасауы мүмкін деп топшылайды. Reuters агенттігі сөйлескен Карнеги халықаралық бейбітшілік қорының сарапшысы Майкл Кофман Мәскеу Украинаның қауіпсіздік қызметіне тиесілі нысандарға шабуылдауы мүмкін екенін айтып, Ресей тіпті орташа қашықтыққа ұшатын зымыранды қолдануы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Былтыр күзде Ресей билігі осындай "Орешник" атты жаңа зымыранын Украинаға қарсы қолданғанын хабарлаған.
Ресей билігі "теракт" деп атаған "Өрмек" операциясы бүкіл әлемнің, оның ішінде АҚШ-тың да назарын аударды. Көптеген сарапшылар мен Батыс саясаткерлері операцияның батылдығын, жаңашылдығын және Украинаның Ресейге айтарлықтай зиян келтіре алатын мүмкіндігі барын атап өтті. Дегенмен, бұл операцияны қажетсіз эскалация деп бағалағандар да болды. АҚШ президенті Дональд Трамп "Өрмек" операциясын қолдаған да, айыптаған да жоқ, алайда енді Ресейге қарымта қайтаруға сылтау табылғанын айтты. Трамптың сөзінше, ол Ресей президентімен телефонмен сөйлескен кезде Украинадан "кек қайтармауын" сұрапты. Бірақ Трамптың кейінгі мәлімдемелеріне қарағанда, Ресей президенті оның өтінішіне құлақ аспаған тәрізді.
Украина президенті Владимир Зеленский жексенбі күні ABC News арнасында жарияланған сұхбатында "Өрмек" операциясын жоғары бағалады. "Олар қанша жерден ашу-ызаға булықса да, солардың территориясында іске асырған операциямыз нәтиже беріп жатыр. Олар бәрін түсініп отыр", – деген Зеленский қазіргі кезеңді "Ресейді соғысты тоқтатуға мәжбүрлеуге" өте жақын сәт деп атады. Оған қоса Зеленский АҚШ президентін Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуге тағы да үндеп, Украина Трамп әкімшілігінің Ресеймен бейбіт диалог орнату туралы барлық ұсыныстарына келісім бергенін айтты. Ал егер АҚШ Киевке қолдау көрсетуден бас тартса, Украинаның тағдыры не болады деген сұраққа Зеленский олай болған жағдайда Ресейдің жеңіске жету мүмкіндігі артып, Украинаның шығындары ұлғаюы ықтимал деп жауап қатты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Зеленский: АҚШ уәде еткен 20 мың зымыранды Украинаға бермеді