Түркістан облысы Төрткүл ауылында 16 жастағы қызды зорлап, артында өлтірді деген күдікпен бір азамат ұсталды. Мұны Азаттыққа Түркістан облысының полиция департаменті растады.
"6 маусым күні сағат 07:05-те Түркістан облысы Төрткүл ауылында қыздың мәйіті табылды. Ол колледждің 1-курс студенті. Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс қозғалды. Болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау үшін тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу аясындағы өзге де ақпарат жария етілмейді" деп жазылған полиция жолдаған жауапта.
Марқұм жергілікті дүкенде жұмыс істеген, сол күні үйіне қайтып бара жатқан деген ақпарат бар.
Бұған дейін "НеМолчи" қорының жетекшісі Дина Смайылова әлеуметтік желідегі парақшасында ауыл адамдарының Төрткүлде осы оқиғадан соң интернет пен байланыс өшірілді деген хаттарын бөліскен. Полиция Азаттықтың ауылда интернет өшті ме, неге өшірілді деген сауалын жауапсыз қалдырды.
Интернет пен байланысты шектеу шарасы жанжалдың алдын алу мақсатында жасалған болуы мүмкін. Бұған дейін осыған ұқсас қылмыс оқиғаларынан кейін елді мекендерде дүрбелең болып, күзет күшейтіліп, интернет істемей қалған жағдайлар болған.
Төрткүл ауылы Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласынан 150 шақырым жерде. 2021 жылға есепке қарағанда, ауылда жеті мыңға жуық адам тұрады.